«Әл-Фараби» радиосының ақпараттық бөлімі хабарлайды.
1)Қазақ Ұлттық Университетінің ректоры Қытай әлеуметтік ғылымдар академиясының вице-президенті Цай Фан бастаған делегация құрамымен кездесті.
Кездесу барысында ректор Ғалым Мұтанов: «Екі елдің достығы мен тату көршілігі сонау тарихтан тамыр алады. Сондықтан да ғасырға жалғасқан достық Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдениет пен білім саласындағы байланыс орнатылғанын нақты айғақтайды»,- деді.
Кездесу барысында делегация өкілдері өз университеттері жайлы қысқаша ақпарат беріп, Қазақ Ұлттық Университетімен әріптестік танытуға әзір екендіктерін жеткізді.
Тараптар Қытайдың жоғарғы оқу орындарымен серіктестікті дамыту, оқытушы-профессорлар құрамымен тәжірбие алмасу, ортақ ғылыми жобаларды жүзеге асыру, жетекші профессорларды шақыру секілді түрлі бағыттарда ынтымақтастық орнату жайын талқыға салды. Сондай-ақ олар білім беру, ғылыми-зерттеу және академиялық ынтымақтастық бағдарламасы бойынша бірлесіп жұмыстар атқаруды да алға тартты.
2) ҚазҰУ-да көрнекті қоғам қайраткері, жазушы Төлен Әбдіковтың 75 жылдығына арналған «Төлен Әбдіковтың парасат әлемі» атты әдеби-шығармашылық кеші өтті.
Негізгі мақсат — көрнекті жазушы, драматург Төлен Әбдіковтің шығармашылығын қазіргі заман тұрғысынан терең тану арқылы Қазақстан Республика Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» атты бағдарламасының негізінде тәуелсіздік кезеңіндегі жаңа дәуірдің зиялысының болмысын бағамдау, мән-маңызын ашу болды.
Шығармашылық кешке атақты ақын-жазушылар: Дулат Исабеков, Мұхтар Шаханов, Бексұлтан Нұржекеев, Ғалым Жайлыбайұлы, Әбдіжәміл Нұрпейісов және өзге де қоғам қайраткерлер қатысып, қаламгер жайлы ой-пікірлерімен бөлісті. Шарада Төлен Әбдіков шығармаларындағы ұлттық болмыс, қаламгердің шығармашылық келбеті оның туындыларындағы рухани әлем суреттері мәселелері кеңінен талқыға түсіп, ақын жайлы ыстық ықыласқа толы жылы лебіздер айтылды.

Бүгінге келіп түскен ақпараттар легі осындай. Бағдарлама жүргізушілері Ильдар Адильченов және Гүлшат Сайлаухан. Аман-сау болыңыздар!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *