Тіршілік қарбаласына қарамай Қазақ Ұлттық университетінің төрінде орналасқан «Әл-Фараби» радиосының тікелей толқынындағы «Сырлы сұхбат» бағдарламасы өз жұмысын жалғастыруда. Қазіргі қоғамда өз-өзін дамытып, биікке өрлегісі, өз еңбегінің жемісін көріп, беделді азамат болғысы келетін жандар көп болғандықтан, бағдарламаның арқауы ретінде «Мотивация» тақырыбын алуды жөн көрдік. Ал бізбен бірге студияда осы тақырыпқа байланысты әңгіме тарқатып, ойымен бөліскен құрдастарының арасында өте белсенді, жас болса да қызметіне адал, маркетинг саласында жақсы мамандардың бірі Айберген Райев болды. Мотивацияны әрекетіміздің, ниетіміздің, қалауымыздың себепті ішкі түрткісі деп те атасақ қате болмайды. Осыған орай келген қонағымыз да мотивация арқылы, 20 жасына қарамай «Rumi group» асханалар тобының басқарушы қызметіне келді. Өзіне көмек көрсеткен үлкен буынның, әсіресе жас кәсіпкер Қуаныш Шонбайдың ықпалымен осындай дәрежеге жеткенін атап өтумен қатар,көптеген кедергілерден өтіп, соның арқасында өз еңбегі ақталып, көзге түскенін айтты. Жастарға әрқашан белсенді болып, әрекетке бейім болуды кеңес ете отырып, өзінің студенттік шағын да еске алды. «Өте жас болғаныңыз басқарушы қызметінде кедергі келтіре ме?» деген сұраққа, «Иә, көбінесе менің жасыма қарап, бастапқыда менің құзырымда жұмыс атқаратын қызметкерлер, мені басқарушы ретінде мойындамайды, бірақ уақыт өте келе үйренісіп кетеді.» деп жауап қайтарды. Айберген мырза сұхбат барысында өзінің мотивацияны қайдан алатынынан сыр шертті, оның есептеуінше мотивацияның қайнар көзі -күйбен тіршілік, музыка, кітап және жалпы шығармашылық. Осындай қызықты сұхбат қонағымыздың жылы лебізімен аяқталды. Ұжым атынан Айберген мырзаға бақыт, табыс және таусылмас шабыт тілейміз! Сұхбатты жүргізген: Нүкен Диляра.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *