Біз туралы

«Әл-Фараби» радиосының тарихынан

Радионың көптеген табиғи қасиеттерінің, əсіресе жеделдігінің арқасында ақпарат жеткізуде көш бойы озық тұр. Сондықтан да әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Журналистика факультетінде студенттік радио жұмысына ерекше ден қойылады. 1995 жылдары ЮНЕСКО ұйымының Қазақстандағы өкілдігінің көмегімен техникалық жабдықтармен қамтылған факультет радиостудиясының жұмыс істей бастауы журналистика саласына, әрі факультет өміріне қосылған үлкен жаңалық еді.
1997 жылы Қазақ радиосының эфирінен қазақ және орыс тілдерінде алғаш рет студенттік бағдарлама жақыққа шықты. Тұңғыш студенттік радионың хабары ұлт тілінде республикалық радиода басталып, алғашқы жарты сағаттық бағдарлама оқытушы Клара Қабылғазинаның жетекшілік етуімен эфирге шықты.
«Зерденің» осы тұсаукесер хабары 1997 жылдың 16 қаңтарында күндізгі сағат 11:30-дан 12:00-дейінгі аралықта әуе толқынынан берілді. Тыңдарман қауым бұл студенттік радионың хабарларын Қазақ радиосына келген жаңа леп, қосылған жаңа үн ретінде жылы қабылдады.
Алғашқы хабар шыққаннан-ақ, «Жас алаш» газетіне жарияланған жамбылдық М. Жұбатованың «Студенттер дайындаған хабарды тыңдап риза болдым. Жауыр тақырып, жаттанды сөзден гөрі, бұл бір оңды іс болған екен. Жаңа істің жанашырларының көбеюіне, қашанда жаңалықтың жаршысы болуына тілектеспін», – деген жүрекжарды лебізі жас радиожурналистердің мерейін өсіріп, жақсы хабарлар даярлауға деген ынтасын арттырды.
Ғибраты мол, айтары, үйретері көп айдарлар ашылып, маңызды әңгімелер жүргізілді. Мысалы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Әкім Ысқақ, биология ғылымдарының докторы Майя Шығаева, тарих ғылымдарының докторы Шағила Құсанова, композитор Нұрғиса Тілендиев, филология ғылымдарының докторы Алма Қыраубаева, өнер өкілі Ержан Белғозиев т.б. көптеген адамдардың сұхбаттары жазылып алынып, «Жақсыдан шарапат» айдарымен беріліп тұрды. «Студенттердің жыр дәптерінен» немесе «Студент күнделігі» атты айдарлар тұрақты орын алып, жастар шығармашылына жол берілді.
Сонымен, алғашында «Зерде», кейін «Сана» аталған радио, уақытпен бірге дами отырып, 2010 жылдың 14 қазанынан бері эфирге «Әл-Фараби» студенттер радиосы атауымен шығып келе жатқан радиостудия шәкірттердің тәжірибе мектебіне айналды.
Бүгінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Телерадиокешені «әл-Фараби» радиосының жұмысы онлайн түрінде тікелей эфирде жүреді. Сонымен қатар, 2016 жылдың наурыз айынан 2017 жылдың маусым айында интернет кеңістігінде www.volnorez.com//Al-farabi FM атауымен арнайы сайт ашылып, жұмыс істеді.
Ал, 2017 жылдың 15 қыркүйегінен «Ә-Фараби» радиосы деген атаумен жеке онлайн порталы дүниеге келіп, онлайн хабар тарата бастады. Мұндағы мақсат, студент жастардың шығармашылығын шыңдау әрі еңбектерін көпшілікке жария ету. Хабарлар қазақша, орысша, ағылшынша аптаның алты күнінде беріледі.
«Армысыздар, «әл-Фараби» радиосының тыңдармандары!» деген жүргізушілердің дауыстары ҚазҰУ қалашығымен бірге интернет арқылы бүкіл әлемге тарай бастады.