ҚазҰУ-да алғаш рет республикалық деңгейдегі жалпыхалықтық диктант өтті. Оған университеттің 16 факультетінен 8000-нан аса студент пен 500-ге жуық оқытушы қатысты. Шараның мақсаты – жаңа қазақ әліпбиін насихаттау, латыннегізді қазақ әліпбиін практикалық тұрғыда меңгеруге дағдыландыру.

Атап өту керек XX ғасырда қазақ әліпбиі төрт рет өзгерді. Жуырда латын графикасының қазақ тіліндегі жаңа нұсқасы қабылданып, ол біртіндеп кирилдік таңбадан латынға 2025 жылға дейін ауысатын болады.

ҚазҰУ-дағы жалпыхалықтық диктантқа қатысушылардың пікірінше латын графикасын енгізу бұл уақыт талабы. Себебі ол техника мен жоғары технологияның тілін білдіреді. Шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының 1 курс студенті Байымбетов Нұрдаулеттің айтуынша «Латын графикасына көшу арқылы менің ана тілім қазақ тілінің ауқымы едәуір кеңейеді және бірінші кезекте интернет желілерінде оқылым қолжетімді болады. Сондай-ақ біздің елімізді әлемдік қауымдастықта интеграциялау үдерісі де жеделдетіледі. Бүгінгі латын графикасындағы диктантты мен үздік бағаға жазамын деп сенемін», – деді студент.

Ағылшын тілін дәріптеуге бағытталған жалпыхалықтық диктант алғаш рет Англияда өткізілген. Бүгінгі таңда бұл тіл әлемде сұранысқа ие әрі әмбебап тілдердің біріне айналды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филолог ғалымдары қазақ тілінің болашағы зор, бүгінгі шараға қатысқандардың барлығы болашақта қазақ тілінің жаңа тарихы мен оның қалыптасуына қосқан үлесі үшін мақтан тұтатын болады. Латын тіліндегі жалпыреспубликалық диктант біздің мәдениетіміз, менталитетіміз бен еліміз үшін қажет үздік азаматтық жобалардың бірі ретінде қарастырылуы тиіс деп атап өтті.

Баспасөз қызметі

www.kaznu.kz

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *