8 қарашада Жастар жылы қарсаңында және Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күнін мерекелеу аясында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Мен жастарға сенемін!» VI республикалық студенттік патриоттық жастар форумы өтті.

Форум жұмысын әл-Фараби кітапханасындағы «Ұлы дала жастары» конференциясы ашты. Оған форумның іріктеу кезеңінен өтіп еліміздің 70 аймақтық университетінен келген 500-ден аса студент қатысты.

Тұңғыш Президент күніне орай ұйымдастырылатын форум алты жыл ішінде еліміздің барлық жастары үшін маңызды шығармашылық алаңға айналды. Ол Қазақстан болашағы жолында жас ұрпақтың патриоттық сезімін және азаматтық жауапкершілігін арттыруға, жастарды қоғамдық сананы жаңғырту үдерісіне тартуға бағытталған. Осы жылы форумға қатысу үшін ұйымдастыру комитетіне Қазақстанның барлық өңірінен 2 мыңға жуық студент өтініш жолдаған.

2013 жылдан бері өткізіліп келе жатқан форумның бағдарламасы дәстүрлі түрде төрт байқаудан тұрады: «Еліміздің инновациялық дамуына қосқан менің нақты үлесім» атты студенттік әлеуметтік маңызы бар инновациялық жобалар; «Мен өз елімнің гүлденуі үшін не істей аламын?» атты студенттік эсселер; «Мен жастарға сенемін!» атты студенттік азаматтық-патриоттық бағыттағы поэзиялық шығармалар; «Мәңгілік ел мұратым!» патриоттық әндер байқауы.

Ө. Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында өткен үлкен гала-форумда байқаулардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне салтанатты түрде дипломдар және бағалы сыйлықтар табыс етіліп, бірінші орын иегеріне әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да бір жыл тегін оқу гранты берілді.

Қазылар алқасының шешімі бойынша бірінші орын ең үздік инновациялық жоба үшін Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжирининг университетінің студенті Айнұр Қуановаға берілді. Поэзия секциясы бойынша М. Сапарбаев атындағы Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық институтының студенті Сүндет Сеитов жеңіске жетсе, студенттік эссе байқауында М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінен келген Сағиева Айжан марапатқа ие болды. Ал патриоттық әндер секциясы бойынша бас жүлдені Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің студенті Руслан Төлеген еншіледі.

«Елбасы келер жылды – жастар жылы деп атады. Мемлекет студенттер мәселелеріне ерекше көңіл бөледі. Білім алуға грант саны көбейіп, жатақханалар салынуда, жұмысқа орналастыру, қайта даярлау бағдарламалары қарастырылған. Бізге ғылыми зерттеу жобаларымызды көрсетіп, шығармашылығымызды шыңдауға мүмкіндік бергендері үшін форум ұйымдастырушыларына рахмет айтамын. Біз жақсы тәжірибе жинадық және жаңа достар таптық. Форум керемет деңгейде өтті. Ерекше алғысымды бізді құшақ жая қарсы алған ҚазҰУ-ға жеткізгім келеді. Маған кампус өте ұнады. Осында магистратураға түсіп, оқуды жалғастырғым келеді», – дейді Айнұр Қуанова. Гала-форум қатысушыларына ҚазҰУ- шығармашылық ұжымының және қазақстандық танымал эстрада жұлдыздарының мерекелік бағдарламасы ұсынылды.

Форум әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, «Жандану әлемі» қоры және «Жас Отан» жастар қанаты, Жазушылар Одағы, Қазақ радиосы бірлесе ұйымдастыруымен, ҚР Білім және ғылым министрлігі, Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өтті.

Баспасөз қызметі

www.kaznu.kz

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *